22 маусымда «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған Ақмола облысының мәдениет күндері аясында Этноауылда өткен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің концерті мазмұны жағынан қанықты болып, өз көрермендерін жинады.  

Руслан Баймурзин жетекшілік еткен шеберлігі шыңдалған, дарынды музыканттардан жинақталған ұжымның сүйемелдеуінде ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенованың  орындауындағы Е.Ибраһим мен Б.Сәуекеновтің «Көкшетау кестелері» шығармасы концерттің басталғанын жария еткендей болды. Ал оркестр Абылайханның «Шаңды жорық» шығармасын орындаған кезде көрермендер саны арта түсті.

Жиналған астаналықтар мен қала қонақтарының назарына керемет шығармалар ұсынылды. ҚР еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева көпшілік сүйіп тыңдайтын Ш.Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең» әнін орындаса, қазақ халық аспаптар оркестрі Құрманғазының «Сарыарқа» күйін төгілте ойнады.

Халықаралық байқаулардың лауреаты Махаббат Мұхамеджанованың өнеріне көрермендер тәнті болды, одан кейін оркестр К.Күмісбековтің «Биші қайың» шығармасын орындады. Дирижерлік пультта Әділет Азбаев өнер көрсетті.

Жаяу Мұсаның «Ақшашақ» әнін «Мәдениет қайраткері» Жанат Есов орындаса, Валерия Болиева, Серікболсын Бекмолдин, Сәрсенбай Хасенов Сарыарқа композиторларының шығармаларын орындап, көпшіліктің көңілінен шықты. «Гәкку» би ансамблінің орындауындағы шығармалар концерттің сәнін кіргізіп, әдемі хореографиялық безендіру болды.         

21 маусымда филармония әртістері Астана қ. әкімдігінің алдындағы алаңда өнер көрсетті. Концерттік бағдарламаға «Айнакөл» фольклорлық ансамблі, «Гәкку» би ансамблі,  Валерия Болиева, Жанат Есов, Алдияр Ерғали қатысты.         

24 маусымда «Айнакөл» фольклорлық ансамблі мен «Гәкку» би ансамблі, әншілер Қытайдан келген қонақтарды қарсы алды. Мазмұнды ұлттық колоритті нөмірлер орындалды.

25 маусымда «Қазанат» ипподромында өткен ашық бәйге іс-шарасына «Гәкку» би ансамблі «Шашу» хореографиялық қойылымымен қатысты.

Онлайн кім

Қазір 137 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр