29-30 қазан аралығында Астана қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған дәстүрлі Ақмола облысының мәдениет күндері өтті. Ақмолалықтар өз кезегінде астанамыздың қонақтары мен тұрғындарына арнап облыс өңірлерінде өсірілген ауыл шаруашылық өнімдерін ғана алып барған жоқ, сонымен қатар көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлайтын шығармашылық ұжымдардың ғажап концертін де ала барды. Үш күн бойы ақмолалық делегация астаналық көрермендерді өз өңірінің жетістіктерімен, тарихымен және мәдениетімен таныстырды.

Осы ақмолалық шығармашылық ұжымдардың қатарында Ақмола облыстық филармониясының үлкен құрамдағы ұжымы да болды. Олар 30 қазан күні астаналық өнер сүйер қауымды Бейбітшілік және келісім сарайының опера залында өткен «Жер жұмағы – Көкшетау, Ел жүрегі – Астана» концерттік бағдарламасына шақырды. Өнерді бағалай білетін кез-келген әлеуметтік қауымның назарына филармониялықтар дарынды, хас шеберлердің өнерін тамашалауды ұсынып, олардың жүрегіне жол таба біледі. Бұл жолы да осылай болды. Әр алуан репертуары бар бүгінгі концерт қызықты, мәнді-мағыналы болды. Бағдарлама атақты, опера өнеріне табынушы көпшіліктің жүрегін баурап алған М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсымен ашылды. Біржан мен Сараның айтысын әншілер Бейімбет Танарықов пен Анастасия Медетова Біржан сал атындағы музыкалық колледждің құрама хорының сүйемелдеуінде орындап шықты (жет.Галина Колесникова мен Марина Даутова). Орындаушылардан кейін сахна төріндегі екінші басты тұлға - бас дирижер, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері Тұрлыхожа Базаров жетекшілік еткен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі. Дирижерлік пультта маэстроны жас дирижерлар - республикалық байқаулардың лауреаты Әділет Азбаев, Руслан Баймурзин, «Мәдениет қайраткері» Ерназар Уразалин ауыстырып, оркестрге жетекшілік етті. Сәрсенбай Хасенов, Гүлім Құдысбек, Айнаш Мүсипова, Асқар Мұқият, Мақсат Әбзеловтан құралған квинтет домбырада «Арқа әуендерін» асқақтата салды. Ал солист Руслан Баймурзин оркестрдің сүйемелдеуімен Н.Тілендиевтің «Ақсақ құлан» шығармасын домбырада орындады.

Концерттік бағдарламаның вокалдық бөлімі ғажап, көздің жауын алатын нөмірлерге толы болды. Әншілер көрермендердің назарына бай ән жанрының қырларын ашып көрсетуге және жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысты. Теңдесі жоқ әртістеріміз «Мәдениет саласының үздігі» белгісінің иегері Валерия Болиева Л.Хамидидің «Бұлбұл» шығармасын, халықаралық байқаулардың лауреаты Талғат Галеев «К.Күмісбековтің «Менің далам» әнін, Махаббат Мұхамеджанова И.Штраустың «Летучая мышь» опереттасынан Адель куплетін жан-тәнімен беріле орындады. Сахна төрінде Бота Қалиева, Эльмира Камарницкая, Батыр Бағдат, Данияр Жолбарысов, Санжар Балта, Эльмира Нысанбаева, Алдияр Ерғали, Татьяна Ким де өнер көрсетті. Елена Новак жетекшілік еткен вокалдық топ пен қобызшылар квартеті – Олжас Құрманбек, Алмат Сайжан, Әділет Азбаев, Аян Омаров та көпшіліктің ықыласына бөленді.

Облыстық филармонияның «Гәкку» би ансамблі «Жұбановтың музыкасына жазылған «Би күй», «Арулар» шығармаларын орындап, бағдарламаны әдемі, ырғақты би тілімен жалғастырды. Одан кейін хореографиялық ұжымдар арасында танымал, дарынды «Көкшетау»МС «Көкшетау» халық би ансамблі «Алтынай» биін мың бұрала орындады. Облыстық «Көкшетау» мәдениет сарайының барлық хореографиялық ұжымдары сахнаға «Достық» хореографиялық сюитасымен шықты. Ләззат Едрисованың орындауындағы Е.Ынтықбаевтың «Қазақ елі» патриоттық әніне барлық әншілер қосылып, концерттік бағдарламаны тамаша аяқтады.

Астаналықтардың көңілінен шығып, немқұрайлы қалдырмаған концерттік бағдарлама – ақмола жері дарынды тұлғаларға бай, қасиетті өлке екендігін тағы бір дәлелдеді.

Онлайн кім

Қазір 123 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр