2018 жылдың 26-27 сәуір күндері Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында «Көкшетау – тал бесігім» классикалық және халық  музыкасының V  музыкалық фестивалі өтті.

26 сәуір күні симфониялық оркестр мен әншілердің қатысуымен «Көкшетау – тал бесігім» фестивалінің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың шығармашылық кеші өз шымылдығын ашты. Кеш Абзал Мұхитдиновтың «Ностальгия» вальсімен  басталды, дарынды дирижер кеш иесінің  жетекшілігімен бұл шығарманы  симфониялық оркестрдің  шекті аспаптар тобы орындады. Жеңіл, әрі сазды әуен ауада қалықтап, тыңдармандарын осындай керемет бал кешінде жүргендей әсерге бөлеп, жанды арбаған әсем музыканың ырғағына елітіп билеуге шақырды. Симфониялық оркестрдің орындауындағы «Капитан Гранттың балалары» кинофильміне арналған И.Дунаевскийдің  Увертюрасы оқиғаның желісін дәл бере біліп, әдемі әуезділігімен ерекшеленді. Бұл композиция  асқан шеберлікпен, үндестілікпен, жігерлі орындалып, әр көрерменін қиял қойнауына сүңгітті. Көкшетаулық көрермендердің көңілін әдемі, сыңғырлаған лирикалық-коллоратуралық сопрано даусымен жаулап алған филармонияның күміс көмей әншісі «Мәдениет саласының үздігі» Валерия Болиева бақытты қыздың махаббаты жайлы баяндайтын «Неистовый Роланд» орта ғасырдағы поэма  желісі бойынша Георг Фридрих Гендельдің «Альцина» операсынан жалынды  Моргана ариясын шарықтата шырқады.

Кеш қонағы Ресейдің еңбек сіңірген  әртісі,   Мемлекеттік академиялық Үлкен театрдың солисі Павел Черных А.Мұхитдиновтың жетекшілік етуімен  симфониялық оркестрдің сүйемелдеуінде әлемгі танымал опералардың бірі -  П.И.Чайковскийдің  «Евгений Онегин» операсынан «Любви все возрасты покорны» Князь  Греминнің ариясын орындады. Адамзат сезімінің шыңы туралы шығарма  Үлкен театрдың жетекші баритонының орындауында жаңғырып, тыңдармандарын  мәңгілік махаббат  туралы тағы бір мәрте толғандырды.  Сонымен қатар әртіс  әлем  музыкасының жауһары - Дж.Россинидің «Севильский цирюльник» операсынан Дон Базилио  ариясын керемет орындап шықты. Ал хас шебер Гетенің «Фауст» поэмасының үзіндісіне арналған М.П.Мусоргскийдің «Песнь о блохе» әнін даусын құбылта, ырғаққа салып шығарманың мазмұнын керемет ашып бере білді, тыңдармандар да әншінің орындау шеберлігіне риза болып, қошемет астына алды.

Халықаралық байқаулардың лауреаты  Анастасия Медетова  Дж.Вердидің «Риголетто» операсынан  Джильда ариясын орындады. Әншінің кәсіби орындауында төгілген  нәзік лирикалық әуен өмірдің қаталдығын ашып көрсетті. Пианиношы  Жания  Жақанова Абзал Мұхитдиновтың «Прелюдия» шығармасын төгілте орындап, автордың қайталанбас, ерекше қолжазбасын көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленді.

Ақмола облыстық филармониясының  дарынды  солисі  Серікболсын  Бекмолдин  «Астана Опера» театрының дирижері,  халықаралық байқаулардың лауреаты Руслан Баймурзинның жетекшілік етуімен симфониялық оркестрдің сүйемелдеуінде  П.И.Чайковскийдің  таза туындысы «Евгений Онегин»  операсынан  Ленский ариозосын  орындады. Жарқын бейне,  махаббат сезімін білдіретін, жан-дүнеңді ерітетін  терең сезім, амалсыздық  музыкамен және  әншінің шебер орындауымен  дәл берілді.

Руслан Баймурзинның жетекшілік етуімен симфониялық оркестрдің шекті топтары Е.Хусайынның термесін  төгілте орындады. Жетекші заманауи қазақстандық композитор  Т.Мұхамеджановтың «Туған жер»  патриоттық шығармасын  халықаралық байқаулардың лауреаты  Руслан Баймурзин мен республикалық байқаулардың лауреаты  Әділет Азбаев   орындады. Руслан Баймурзин Н.Тілендиевтың «Әлқисса» композициясын орындады.

Кештің классикалық бөлімі   халықаралық байқаулардың лауреаты  Махаббат Мұхамеджанованың орындауында И.Штраустың   «Летучая мышь» операсынан  «Куплеты  Адели»  шығармасымен жалғасты.

 Ал бүгінгі кештің қонағы  «Астана Опера» МОБТ әншісі, халықаралық байқаулардың лауреаты  Талғат  Галеев  Дж.Вердидің «Травиата» операсынан  Жермон ариясын орындады.  Баласының үйіне оралуын  сұраған  қарт Жермонның  бейнесін  әртіс керемет сомдап, аса дәлдікпен бере білді.

«Гәкку» би ансамблі  (жетекшісі Гүлмира Ордабаева) маэстро Абзал Мұхитдиновтың жетекшілік етуімен симфониялық оркестрдің  сүйемелдеуінде ғажайып, әсем «Гүлдер  биімен» көрермендерін баурап алды.

Қазақстанның еңбек сіңірген  қайраткері,  «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі   Салтанат  Ахметова көкшетаулық тыңдармандарға арнап «Сицилийская вечерня» операсынан  «Болеро Елены» композиясын тарту етті.   Күрделі  ария  дарынды  әншінің  таңғажайып  даусы мен әртістігінің,  орындау техникасы мен кәсібилілігінің арқасында ерекше түрленіп шарықтап, тыңдарманын баурап алды.

Концерт капельмейстер Абзал  Мұхитдиновтың  жетекшілігімен симфониялық оркестрдің сүйемелдеуінде барлық әншілердің орындауындағы  В.Кьярдың «Болеро» шығармасымен салтанатты түрде аяқталды. Фестивальдің алғашқы ашылу күніне қатысқан барлық қатысушылар  дипломмен және естелік  бүктемелерімен марапатталды.

 Іс-шара жоғары деңгейде өтті, саналуан тақырыптағы әр уақыт кезеңіне жататын шығармаларды алғысы шексіз көрермендер  қуана, ләззат ала отыра тамашалап, он саусағынан өнер тамған дирижерлар мен табиғи дарын иелері жезтаңдай орындаушыларды, оркестр ұжымына риза болып, қошемет астына алды. Әртістер үшін көрермендердің алғысы - баға жетпес басты сый!

27 сәуір  күні филармония көрермендерін  ҚР жетекші дирижерлары: Әділет Азбаев, Руслан Баймурзин, Берік Уразалин және К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижері, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісі мен «Ерен еңбегі үшін»  медалінің  иегері   Тұрлыхожа Базаровтың  қатысуымен өтетін К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің  «Дирижерлар шеруі» атты концертіне шақырды.   Осы жылы К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі 25 жылдық мерейтойын тойлауда және бүгінгі концерт  осы  оқиғаны  мерекелеу  аясында  өткізілді. 

Дирижерлар шеруі   маэстро  Тұрлыхожа  Базаровтың жетекшілік етуімен  оркестрдің орындауындағы К.Күмісбековтің  «Биші  қайың»  ғаламат композициясымен ашылды.

Филармония  әншісі,  «Мәдениет қайраткері»  Мереке Бекмағамбетов  Қ.Деріпсалдин  мен С.Жетпісқалиевтың   жанға жайлы, сазды  «Айнакөл  жағасында» әнін көрермендеріне тарту етті.

Келесі кезекте оркестр әр көрерменнің жүрегінен орын алып, мерекелік көңіл күй сыйлайтын С.Құсайыновтың «Мереке» композициясын орындады.

Е.Өмірзақов  атындағы  Қостанай облыстық  филармониясының  қазақ халық аспаптар оркестрінің  дирижері  Берік  Уразалинның жетекшілік етуімен  оркестр   Құрманғазының «Балбырауын», Әсет  Бейсеуовтің әндерінен попурри,  Сервер Какура Хайтарманың «Ай-Петри»,    Карл Дженкинстің «Палладио» шығармаларын орындаса, «Мәдениет  қайраткері»  Жанат Есов А.Қоразбаевтың «Шашбаулым»  әнін оркестрдің сүйемелдеуімен  қалықтата шырқады, әншінің  әдемі, құлақтан кіріп, бойға жайылатын керемет даусына еліткен тыңдармандар әнді беріле тыңдады.

Келесі кезекте дирижерлік пултқа «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының дирижері  Руслан Баймурзин тұрды. Оның  жетекшілік етуімен  концерттің келесі бөлімі көрермендер назарына ұсынылды. А.Жайымовтың қазақ әндері тақырыбына фантазиясы, Й.Штраустың «Полька на охоте» композициялары орындалды, дирижер  өзінің ерекше  әртістік қабілетін  қолданып,  көрермендермен  де байланыс орната білді. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының солисі Сәкен Біржанов Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан Серкенің каватинасын керемет орындап шықты. Валерия Болиева Массненің  «Дон Сезар де Базан» операсынан Севильяна ариясын, ал «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі, халықаралық  байқаулардың лауреаты Талғат Галеев Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін  орындады.

Дирижерлік эстафетаны Ұлттық әскери-патриоттық орталық ансамблінің дирижері Әділет Азбаев  қабылдап алып,  Н.Тілендиевтің  «Қош керуен»  шығармасын орындады, ал «Гәкку» би ансамблі әсем биімен композицияны ажарландыра түсті.   Сонымен қатар   дирижердің жетекшілімен оркестр  Алмат Сайжанның  «Хан Кене», Мұхаметқали Тіналинның «Русские потешки»  шығармаларын орындады.  Дирижер мен оркестрдің шығарманы ерекшелендіре өзіндік  бояулар әрлеп беруі көпшілікті дүр сілкіндірді. «Астана Опера» мемлекеттік опера және  балет театрының солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова Манарбек Ержановтың «Қуанамын» әнін орындады.  Филармония   солисі  Серікболсын Бекмолдин «Тройка» орыс халық әнін  оркестрдің сүйемелдеуінде көрермендерге тарту етті, оркестр өзінің саналуан  жанрларды бағындырып, орындаушылық деңгейінің кең көлемділігін көрсетті. Дирижерлар мен әншілер  шеруі Бұлбұл, На качелях, Сильва, Застольная әндерінен құралған попурриді сахна төрінде сомдады.

Концерт соңында  оркестр   Тұрлыхожа  Базаровтың  жетекшілік етуімен  көпшілік сүйіп тыңдайтын  Құрманғазының «Адай» шығармасын орындады, ал халық оркестрді көпке дейін сахнадан жібергілері келмей қошеметке бөледі.

Оркестр ұжымы көпшіліктің алдында өзінің шыңдалған шеберлігін, жоғары кәсібилілігін, санқырлылығын тағы бір дәлелдеп берді,  ал ақмолалықтар өзінің шығармашылық қызметін  Көкшетау жерінде бастаған, ал қазіргі таңда өңіріміздің  мақтанышына айналып, аты шығып жүрген  танымал дирижерлардың өнерін тамашалауға таптырмас мүмкіндік алды.

Онлайн кім

Қазір 65 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр