Шуақты көктемнің басында Ақмола облыстық филармониясы нәзік сезімдерге, көктемгі көңіл-күйге, романтикалық әсерге толы болды. 15 наурызда «Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы» МКҚК-да филармонияның солист-аспапшысы Әлібек Ахмалишевтің жеке концерті өтті. Бұл іс-шара «Музыкалық кофехана» жексенбілік отбасылық музыкалық ойын-сауық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бағдарламаның алдына қойған басты мақсаты филармония көрермендерінің рухани-эстетикалық талғамын дамыту, отбасындағы қарым-қатынасты нығайту, жан-дүниең мен рухани тыныштығыңды қалыптастыруға ықпал ету, материалды емес мәдени құндылықтарымызға қолжетімділік, сонымен қатар мәдени мекеменің басты рөлі бұл салада азаматтардың еркін шығармашылық таңдау құқығын қамтамасыз ету және өз өңірінің мәдени өміріне қатысуға мүмкіндік  беру болатын. Көрермендерге дәмі тіл үйіретін бір шыны-аяқ кофені іше отыра, жанға жайлы, отбасылық ортада әдемі, жүректен шығып бойға тарайтын ғажайып сазды әуеннен ләззат алып, демалуларына таптырмас мүміндік берілді.

Музыкант көз жанарына байланысты 1 топтағы мүгедектігіне қарамастан, өзінің орындаушылық деңгейін әрдайым шыңдап, ізденіс үстінде жүреді. Жас дарын иесі әр шығарманы асқан шеберлікпен беріле орындауымен ерекшеленеді. Музыкант гитарада ойнау өнерін жоғары көркемдік деңгейге көтеруге ұмтылып жүр.

Концерт Әлібек Ахмалишевтің орындауында испан композиторы  И.Альбенистің «Asturias» шығармасымен басталды, бұл шығарма нәзік, шиеленіскен әуенімен кенеттен өзгеретін динамикалық  өзгерісімен ерекшеленеді, оны жиі «таза андалуздық фламенко» деп атайды. Майталман музыканттың шебер орындауындағы С.Орехов өңдеген И.Соколовтың «Полько» шығармасы айшықты мәнерлілігімен, саздылығымен көрерменін баурап алды. Филармонияның күміс көмей әншісі «Мәдениет саласының үздігі» Валерия Болиева А.Тимофеевтің сөзіне, Б.Баронның музыкасына жазылған «Дремлют плакучие ивы» романсын, «Веселые звезды» кинофильмінен алынған «Молчание» ликалық эстрадалық әнін, советтік джаз бағытының атасы А.Варламовтың «Уходит вечер» әнін гитараның сүйемелдеуінде шарықтата шырқады. Әншінің орындауында төгілген әсем саз көрермендер аудиториясын сырлы сезімге, нәзік, романтикалық көктемгі қиял мен арманға бөледі.

Гитара (Ә.Ахмалишев) мен скрипканың (Ж.Омарова) таңғажайып қосындысынан құралған дуэт «История танго» циклінен А.Пьяццоллоның «Кафе 1930» композициясын құйқылжыта орындады, құлақтан кіріп тұла бойыңды шымырлататын, жүрек қылын қозғайтын сырлы әуен тыңдарманын бейжай қалдырмады, тұңғиық тыныштыққа бойлатып, терең ойға шомдырды.

Он саусағынан бал тамған Әлібек Ахмалишевтің орындауында динамикалық, жанды «Tico-Tico» бразилдік самбо композициясы (З.Абреу), В.Дидюляның репертуарынан «Фламенко» испан әні ғажап, аса дәлдікпен орындалды, хас шебердің қоластынан шыққан туындылар түрленіп тыңдармандарын болашаққа сеніммен қарауға жетелейді, өмірге деген құштарлықтарын арттырды. Дарынды майталман гитаристің орындауындағы музыкалық нөмірлердің әртүрлі жанрлығы оның шығармашылық қабілеттілігін аша түсіп, санқырлы мүмкіншілігін көрсетті. 

Әріптесін қолдауға келген Дмитрий Петюль (саксофонда) К.Сантананың «Европа» композициясын төгілте орындап, романтикалық кешті қыздыра түсті.

Әлібек Ахмалишев джаз, фламенко, латиноамерикандық ырғаққа негізделген «жаңа фламенко» стиліндегі Армиктың «Malada» және «Gypsy flame» жарқын композицияларын аса кәсіби шеберлікпен, жігерлене екпіндете төкті. Ал халықаралық  байқаулардың лауреаты Эльмира Камарницкая Стингтің репертуарынан әдемі бір әнді орындады. Іс-шара саксофон мен гитараның, сыңғырлаған күміс дауыстың қосындысынан құралған композициямен аяқталды.

Сонымен қатар кешке филармонияның талантты музыканттары: Жұмабике Омарова (скрипка), Юрий Храмцов (гитара), Рамазан Серіков (гитара), Заңғар  Мүбараков (перкуссия) қатысты.

Бұл іс-шара жанға жайлы, романтикалық атмосферада өтті, онда әр көрермен фламенко, романс, латиноамерикандық және танымал шетелдік музыкалардан ләззат алып, сергіп қалды. Туа біткен дарын иесі Әлібек Ахмалишев пен кеш қонақтарының арқасында үйдегідей қолайлы жағдайда жасалған концерт классикалық аспаптық әлем музыкасын насихаттап, көрермендердің эстетикалық талғамын дамыта түсуге үлкен ықпал етеді.

Онлайн кім

Қазір 29 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр