Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы – өңіріміздегі басты музыка ошақтарының бірі, құдіретті музыка өнеріне табынушылар кәсіби деңгейде орындалған шығармаларды тыңдап, музыка әлеміне сүңгиді. 22 ақпан күні «Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы» МКҚК-да Қазақстан мен Еуропа сахналарында солист-музыкант ретінде өнер көрсетіп, белсенді концерттік қызметін жүргізіп жүрген қазақстандық пианиношы Әсел Әбілсеитованың «Его Величество Рояль» атты жеке концерті өтті.

Базель қаласының (Швейцария) Жоғарғы Музыка Мектебінің өнер магистрі, Лондон қаласының Королевалық Музыка академиясының түлегі, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендианты Әсел Әбілсеитова композитор, ұлы пианиношы Сергей Рахманиновтың әйгілі Кіріспесінің 12 шығармасын ұсынды, бұл шығарма көлемділігімен, «түнектен жарыққа шығу» идеясын сомдайтын пьесалар қатарымен ерекшеленеді. С.Рахманиновтың фортепианолық кіріспесі фактурасының «концерттілігімен» және айшықты музыкалық бейнелілігімен ерекше. Кіріспелер жалпы жоспарсыз, ұзақ уақыт ішінде құрылғаны белгілі. Дегенмен де барлық циклде ішкі біртұтастық бар. Композитор үндестік қатынасын, образдық сәйкестікті немесе кереғарлықты сақтай отыра белгілі бірізділікке негізделген жеке пьессалар жазды. Сондықтан да тыңдармандар барлық циклдың біртұтастығын сезініп,  әр әуенді беріле тыңдады.

Екінші бөлімде әлемге әйгілі, ұлы Вольфган Амадей Моцарттың концерт №13 КV 415 До мажоры орындалды. Моцарт халыққа тек өз музыкасын сыйлап қойған жоқ, сонымен қатар олардың рухани көзін ашты, сондықтан да әр тыңдарман концерттің әр нотасын бойына сіңіріп, ләззат алды.

Он саусағынан бал тамған пианиношының концерті дирижер Алихан Идрисовтың жетекшілік етуімен Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Әсел Әбілсейітованың музыка әлеміне толықтай бойлап, бар жан-дүниесімен беріле орындауына, жоғары деңгейдегі кәсібилілігі қосылып, көрермендерін тәнті етті. Ақмолалықтар дарын иесінің өнерін жоғары бағалап, қошемет көрсетті.

Ақмолалық көрермендер концерт барысында талантты пианиношының ғаламат классикалық шығармаларды асқан шеберлікпен қалай орындайтындығын тамашалауға мүмкіндік алды. Себебі, классика әрдайым сұранысқа ие және кеңінен таралған жанр.

Онлайн кім

Қазір бір қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр