Жыл сайын басты мемлекеттік мерекелеріміздің бірі - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнінің қарсаңында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншілері, әртістері, шығармашылық ұжымдарымен естен кетпес, ғажап мерекелік концерт беріледі.

Ал осы жылы концерттік бағдарлама «Туған жер» арнайы жобасының «Рухани жаңғыру» ішкі бағдарламасының «Өңірлік мәдениет, дәстүрлер мен құндылықтар» негізгі жобасы аясында өтті. Концерттің салтанатты бөлімінде Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин барлық жиналған қауымды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтады және әкім еңбегі бағаланған ең үздік ақмолалықтарды марапаттау рәсіміне қатысты.

Ал іс-шараның концерттік бөлімі заманауи өзіндік ерекшелігі бар бейне-тарихи меппингпен ашылды, онда жер бетінің жаратылғанынан бастап бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан елінің тарихы әп сәтте көрсетіліп шықты. Көрермендер кең даланың пайда болу тарихын, ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін тамашалап, тарихымыздың негізгі беттерін парақтап, тәуелсіздікке дейінгі Қазақстанның жүріп өткен жолын еске алды.

Концерттің кіріспе бөлімінде «Мәдениет саласының үздігі» Валерия Болиева мен Шығармашыл-дарынды балалармен жұмыс істеу бойынша облыстық оқу-әдістемелік орталығы «Жұлдыздар» үлгілі студиясының әншісі Диляра Серікова «Гәкку» би ансамблімен бірге «Ұлы дала тарихы» шығармасын орындады., Халықаралық байқаулардың лауреаты, дирижер Әділет Азбаевтың жетекшілік етуімен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі ақмолалықтарды бірінші болып құттықтау үшін сахна төріне шығып, көпшілік сүйіп тыңдайтын Түркеш Қалқаұлының динамикалық, әсерлі «Көңіл ашар» күйін орындады.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің доценті Айтбек Нағызбаевтың орындауындағы Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асық» шығармасы көрермендер үшін естен кетпес сый болды.

К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрімен жоғары деңгейде орындалған Дж. Уильямстың «Виктория» композициясы тыңдармандарының жүрегін жаулап алды. Филармония әншілері: «Мәдениет қайраткері» Жанат Есов, халықаралық байқаулардың лауреаты: Махаббат Мұхамеджанова, Эльмира Нысанбаева, Серікболсын Бекмолдинның орындауларындағы танымал классикалық шығармалар тақырыбындағы  попурри концерттік бағдарламаны патриоттық жағынан байыта түсті, қазақ халқының музыкалық өнерінің тұңғиығын аша көрсетті.

Қазақ халық аспаптар оркестрі «Гәкку» би ансамблінің сүйемелдеуінде халқымыздың ұлан-ғайыр кең даласын суреттейтін, Құрманғазы шығармашылығының шарықтау шегі болып табылатын «Сарыарқа» күйін көпшіліктің назарына тарту етті. Марина Зяблинцева мен Алдияр Ерғали режиссер Е.Шынарбаевтың «Астана – менің махаббатым» кинофильмінен алынған композитор А.Райымқұлованың әнін орындаған кезде залда романтикалық атмосфера орнап, патриоттық-махабат тақырыбындағы композиция тыңдармандарын баурап алды. «Muz band» тобының Көкшетау туралы әндер тақырыбында орындаған попурриі ақмолалық өнер сүйер қауымды бір серпілтті.

А.Ивенина (электроскрипка) мен С.Бабаевтың (домбыра) дуэті сондай ерекше, әсерлі шықты, олардың орындауындағы Д.Пуччинидің «Tosca Fantasy» ұлттық нақышта  өрнектеліп өрілді. «Melody» тобы «Гәкку» би ансамблінің сүйемелдеуінде Қ.Қалтайдың сөзіне, А.Темірбайдың музыкасына жазылған жалынды ғажап әнді орындап, концертті жандандырып, қыздыра түсті. Өнерімен талайдың таңдайын қақтырған бұлбұл дауысты, шығыстың сұлуы Кәмшат Жолдыбайдың сахна төрінде көрсеткен өнері кеш қонақтары үшін тосын сый болды.

Сахна жұлдызы заманауи хит әндер: «Сүйіктім» (Д.Бахаров пен К.Бахтиярқызы) мен «Бірге» (Б.Бауыржан мен А.Дүйсенбі) әндерін шарықтата шырқап, көрермендердің қошеметіне  бөленді. Г.Ордабаева жетекшілік еткен «Гәкку» би ансамблі мен А.Погорело, А.Ефименко, Л.Сад  жетекшілік еткен Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің  студенттері «Халықтар достығы» атты вокалдық-хореографиялық сюитаны орындады, бұл нөмірде өңірімізде тұрып жатқан әр ұлттың ұлттық биі жинақталып, ұлттық музыкамен әрленген.

Концерттің соңында барлық әншілер мен қатысушылар атақты жерлесіміз, дарынды ақын Е.Баятұлының сөзіне жазылған композитор К.Қалқатаевтың  патриоттық әні «Алға, Қазақстан!» әнін  орындады.

Онлайн кім

Қазір 150 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр