Көктемнің шұғылалы мерекесі Наурыз мейрамына 19 наурыз күні филармония әртістері  барлық көкшетаулықтар мен қала қонақтарын шақырды. Уақыттарын бөліп осы күні концертке келген көрермендер әншілер мен музыканттардың дайындаған керемет концерттік бағдарламасын тамашалап, көктемнің лебін сезінгендей көңілдері шалқып, демалып қайтты.

Әртүрлі жанрдан тұратын концерттің классикалық блогында қазақ халық аспаптар оркестрінің және хордың сүйемелдеуімен Махаббат Мұхамеджанова мен Жанат Есов «Абай» операсынан «Тойбастар» шығармасын, К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі Е.Рахмадиевтың «Дайрабай» шығармасын, Серікболсын Бекмолдин Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Шегенің термесін» орындады. Хор оркестрдің сүйемелдеуінде «Біржан-Сара» операсын орындаса, Гәкку би ансамблі көрермендеріне «Мереке биін» тарту етті. Валерия Болиева, Махаббат Мұхамеджанова, Серікболсын Бекмолдин, Жанат Есов сынды жезтаңдай әншілердің орындауындағы  классикалық шығармалардан  құралған попурри көрермендерге арналған әдемі музыкалық сыйлық болды.

Ал халық әндері блогында көрермендер К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауында Құрманғазының өлмес туындысы «Сарыарқа» күйін тыңдады. «Аяулы менің мекенім» атты К.Күмісбековтің әдемі әнін секстет -  Жанат Есов, Алдияр Ерғали, Сәкен Біржанов,  Валерия Болиева, Махаббат Мұхамеджанова, Эльмира Нысанбаева орындады. Мереке Бекмағамбетов Т.Молдағалиевтың «Құстар қайтып келеді»әнін, оркестр Түркештің «Көңіл ашар» шығармасын орындады.

Жанат Есов пен  Марина Зяблинцева Н.Назарбаев пен Т.Мұхамеджановтың «Город мой» әнін, ал оркестр Дж.Уильямның «Викория» шығармасын көрермендеріне тарту етті. Барлық әншілердің бірлесе орындауында Б.Тілеухановтың «Кең дала» әні залды жаңғыртып, көрермендердің қошеметіне ұласқан концерттік бағдарлама өз мәресіне жетті.

Онлайн кім

Қазір 39 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр