2016 жылдың 13 желтоқсанында «Көкшетау» МС Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті. Дәстүрге сәйкес жиналыс облыстық филармонияның қызметкерлері дайындаған мерекелік концертке ұласып аяқталды.

Концерт К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен симфониялық оркестрдің бірлесе сүйемелдеуінде Біржан сал атындағы музыкалық колледждің бірлескен хорының орындауындағы «Елім-ай» әнімен басталды. Дирижерлік пультта «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының дирижері, «Құрмет» орденінің кавалері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов тұрды.

Одан соң қазақ және шетел музыкалық шығармаларынан алынған композицияларды ғажап орындаған әншілер - халықаралық байқаулардың лауреаттары: Талғат Галеев, Махаббат Мұхамеджанова, Серікболсын Бекмолдин, «Мәдениет саласының үздігі» құрмет белгісінің иегері Валерия Болиева көпшілікті тамсандырып, олардың назарларын өздеріне қаратты. «Гәкку» би ансамблі мен «Көкшетау» халық би ансамблінің сахна төрінде көрсеткен әр өнері шығармаларды ажарландырып, қанықтыра түсті.

Махаббат Мұхамеджанова мен Талғат Галеев А.Жұбанов пен Л.Хамидидің

«Абай» операсынан «Тойбастар» шығармасын дуэт болып орындаса, Серікболсын Бекмолдин Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Шегенің термесін» нақышына жеткізе орындады.

М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан алынған «Мереке биі» хор мен оркестрдің, «Гәкку» және «Көкшетау» халық би ансамбльдерінің орындауында көпшіліктің назарына ұсынылды. Оркестр Е.Рахмадиевтың «Дайрабай» күйін шебер орындап, көрермендеріне ұсынса, бұл шығарманы «Гәкку» би ансамблі әдемі би өрнегімен толықтыра түсті.

Попурри жанрын халық әрдайым жақсы қабылдайды. Осы жолы да «Тарантелла», «Страна улыбок», «На качелях»,«Травиата» операсынан алынған «Застольная» шығармаларын орындаған ҚР еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева, Валерия Болиева, Махаббат Мұхамеджанова, Талғат Галеев, Серікболсын Бекмолдин көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Симфониялық оркестрдің орындауындағы Дж.Уильямның «Виктория» шығармасы мен Жанат Есов, Марина Зяблинцева орындаған Н.Назарбаев пен Т.Мұхамеджановтың «Город мой» әні де өз көрерменін тапты.

Осы концерт барысында филармония әншісі Алмаз Оразалин Қ.Жаманқұлов пен П.Лидің «Қайда» әнін алғаш сахна төріне алып шығып, тұсауын кесті.

Ақмола облыстық филармониясының саксофонистер квартеті А.Пьяццолланың «Либертанго» шығармасын жан-тәнімен беріле әдемі орындап шықты. Алдияр Ерғали А.Зацепинның «Надо мной небо синее» әнін, «Muse» band тобы «Алау» тобының репертуарынан «Welkome to Kazakhstan» әнін орындады.

Одан соң сахна төріне Тәуелсіздік құрдастары: Бота Қалиева, «Melody» тобы, Ақан Қамыров шықты. Көздің жауын алатын «Достығымыз жарасқан» атты хореографиялық композицияны «Көкшетау» МС би ұжымдары орындады. Ал Б.Тілеуханның «Кең дала» әнін барлық әншілер қосыла, салтанатты түрде асқақтата орындады.

Онлайн кім

Қазір 53 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр